Орал қаласында қыз баланы зорлап, өлтіргені үшін іздеуде жүрген қылмыскер Әзірбайжанда ұсталды
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - ТМД аясындағы операция барысында іздеуде жүрген 200-ден астам адам анықталды.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішкі істер министрліктері арасындағы уағдаластыққа сәйкес, 2012 жылғы 12-14 наурыз аралығында «Іздестіру» бірлескен операциясы өткізілді. Оның мақсаты - республикадан тысқары жерлерде жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздестірудің тиімділігін арттыру»,-деп тоқталды ресми өкіл.
Операцияның 2 күні ішінде іздеуде жүрген 220 адам анықталып, табылды. Оның ішінде екеуі - адам өлтіргені, төртеуі - қарақшылық шабуыл жасағаны, тағы екеуі - денсаулыққа ауыр зиян келтіргені, 12-сі - адам тонағаны үшін іздеуде жүргендер.
Атап айтқанда, 2005 жылы Орал қаласында қыз баланы зорлап, денсаулығына ауыр зиян келтіріп, өлтіргені үшін іздеуде жүрген қылмыскер Әзірбайжан Республикасының Баку қаласында ұсталды.
Ал 1997 жылы Тараз қаласында адам өлтіргені үшін іздеуде жүрген қылмыскер Ресей Федерациясы Мордовия Республикасында қолға түсті.
Бұдан бөлек, Қостанай облысы ІІД-нің қызметкерлері Орынбор қаласының полициясы адам өлтірмекші болғаны үшін іздеу салған 40 жастағы қылмыскерді анықтады.
Ресейдің Тюмень облысында қарақшылық жасағаны үшін іздеуде жүрген қылмыскер Павлодар облысында ұсталды.
«Қылмыскерлерді экстрадициялау мәселесі шешілуде»,-деп түйіндеді Н. Ораз.