Орал қаласында орман аумағындағы өрт сөндірілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Басқақ тоғайы аумағындағы өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласында орман аумағындағы өрт сөндірілді

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, екі күнге ұласқан «тілсіз жау» 21 сәуір күні сағат 21:13-те толықтай ауыздықталды.

Орман аумағындағы құрғақ шөптің өртеніп жатқаны жөнінде 20 сәуір күні сағат 14:21-де хабар түскен еді. Кейін өрттің 70 гектар аумақты (55 гектары – құрғақ шөп, 15 гектары – орман екпелері) қамтығаны белгілі болды.

«Өртті сөндіруге БҚО ТЖД-ден, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау коммуналдық мемлекеттік мекемесінен барлығы 92 адам (18 техника, 1 қайық, 4 мотопомпа) жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде жағдай тұрақты. Қауіп сейілді», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында құрғақ шөптің өртенуіне байланысты жедел штаб құрылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Оралда тоғай аумағындағы өрт 70 гектарды қамтыды.