Орал қаласында Тәуелсіздік монументі тұрғызылмақ

Аталған ескерткіш облыс орталығында өткен жылы пайдалануға берілген 5-інші және 7-шағынаудандарының арасындағы жаңа алаңда бой көтеретін болады.
Орал қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рауан Қуановтың сессияда мәлім еткеніндей, 2017 жылға арналған шаһар бюджеті 4 млрд. 941,205 млн. теңгеге нақтыланды. Мұның басым бөлігі, яғни 3,2 млрд. астам теңгесі - облыстық бюджеттен түскен трансферттер. Соның ішінде облыс бюджеті есебінен Тәуелсіздік монументінен басқа 281,084 млн. теңге мемлекеттік білім беру мекемелері үшін оқу-әдістемелік кешендерді, оқулықтарды сатып алу мен жеткізуге, 19,837 млн. теңге халықты жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға, 25 млн. теңге аялдама павильондарын орнатуға, 496,115 млн. теңге «Жұлдыз» шағынауданындағы жолдарды жөндеу мен судан қорғауға, 109,813 млн. теңге автокөлік жолдарын орташа және күрделі жөндеуге, 130,790 млн. теңге Зачаган кентінде кварталішілік жолдарды салу мен кварталішілік жоспарлауды жалғастыруға, 2 млрд. 62,829 млн. теңге осы кенттегі үш тұрғын үй құрылысын аяқтауға бағытталды. Оған қоса қала бюджетінің кірістері мен бос қалдықтарынан құралған 1 млрд. 733,704 млн. теңге білім беру нысандарын күрделі жөндеу, қаланы абаттандыру және басқа мақсаттарға жұмсалатын болады.
Осы өзгертулерді қосқанда, қала бюджеті 26 млрд. 828,789 млн. теңгені құрамақ.