Орал қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қалаға қарасты Деркөл кентінде бой көтерген 600 орындық білім ордасының ашылу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, бұл - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс орталығында құрылысы қолға алынған төрт мектептің бірі. Аталмыш бағдарлама аясында 2400 орындық төрт мектеп құрылысына 3,5 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл мемлекет тарапынан білім саласына ұдайы қолдау-көмек жасалып отырғанын көрсетеді.
null 

Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласына да ерекше назар аударылғаны белгілі. Соның ішінде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқудан өткен мұғалімдердің жалақысы 30-50 пайызға көтерілмек. Бұл да - үлкен қолдау.

«Біздер де өз тарапымыздан мұғалімдердің біліктілігін одан әрі арттыру мәселесіне мән береміз. Сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі ұдайы назарда. Облыс бойынша ауылдарда 223 шағын жинақталған мектеп бар. Биыл Елбасының цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес сол білім ошақтарын сапалы электронды контентпен қамтитын боламыз. Бұл өз кезегінде қала мен ауыл мектебіндегі айырмашылықты азайтуға септігін тигізеді.  Білімді ұрпақ - елдің болашағы. Тәуелсіздігімізді нығайтып, алға апаратын да бүгінгі оқушылар. Сондықтан мемлекет бұл орайда барлық мүмкіндікті жасап отыр», деді Алтай Көлгінов.
null 

Жаңа мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына толық жағдай жасалған. Онда 56 кабинетке қоса кітапхана, қос шеберхана, екі спорт залы, 200 орындық акт залы және 130 орындық асхана бар.

Соңғы жылдары Орал қаласының халқы көбейіп келеді. Бұдан он жыл бұрын 220 мыңдай болса, қазіргі кезде тұрғындар саны 300 мыңнан асты. Соған сәйкес балалар да көбеюде. Қазіргі кезде оқушылар саны 48 мыңға жетсе, соның 2900-і биылғы оқу жылында қосылып отыр.
null 

Айта кетейік, облыста Ақжайық, Бөрлі және Қазталов аудандарында да білім беру нысандары салынуда.

Соңғы жаңалықтар