Орал қаласында жол апатынан бес адам зардап шекті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында екі жеңіл автокөлік соқтығысып, бес адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 2 мамыр күні шамамен сағат 17.30-да болды.

«1977 жылғы жүргізуші «ВАЗ-21140» автокөлігімен И.Коняхин көшесімен келе жатып, жол ережесін бұзған. Басты көше болып саналатын Еуразия бойымен 1991 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «Renault» автокөлігіне жол бермей, түйіскен. Содан кейін «ВАЗ-21140» автокөлігі жарық бағанына соғылған. Жол апаты салдарынан осы көлікте отырған 1991 жылғы әйел қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Сондай-ақ екі жасар бала ауруханаға түсті. 1977 жылғы жүргізуші дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне жіберілді. «Renault» автокөлігінің жүргізушісі облыстық аурухананың травматология бөліміне жатқызылды. Осы көлікте болған 1994 жылғы жолаушы дәрігерлер қараған соң үйіне жіберілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 2 жасар балаға жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған деген диагноз қойылып, ол қалалық көпбейінді ауруханадан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырылды. Зардап шеккендер арасында ауыр жарақат алғандар жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус қағып кеткен 58 жастағы әйелдің көз жұмғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар