Орал қаласында жылжымалы егу кешендері жұмыс істеп жатыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында тұрғындарды коронавирусқа қарсы екпемен көбірек қамту мақсатында жылжымалы егу кешендері жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткеніндей, мобильді егу пункттері кешеден бері төрт ірі сауда орталығы мен орталық базар жанында қойылған.
«Мұнда кез келген тілек білдіруші жеке куәлігін көрсетіп, коронавирусқа қарсы екпе ала алады. Алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығы жақсы болса, егуге жіберіледі. Оралдықтар отандық QazVac немесе ресейлік «Спутник V» вакцинасының біреуін таңдауына қарай қабылдай алады. Егу пункттері қалалық емханалардағы кабинеттер сияқты сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді», деп хабарлады ведомстводан.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, күні бүгінге дейін облыста 32937 адам (87 пайыз) вакцинаның бірінші компонентімен егілді. Сондай-ақ 8408 адам екінші компонентті алып үлгерді.
Тұрғындар ресейлік және отандық вакциналармен егіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда биыл 720 баланың коронавирус жұқтырғанын, 6 мектептің карантинге жабылғанын, 107 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.