Орал қаласының тұрғыны жалған құжаттармен шетелдік көлікті заңдастырмақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орал қаласының тұрғыны жалған құжаттармен шетелдік көлікті заңдастырмақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласының тұрғыны жалған құжаттармен шетелдік көлікті заңдастырмақ болған

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, құжаттарды зерделеу кезінде автоинспектор оның жалған екендігін анықтады.

Қазіргі уақытта полицейлер барлық мән-жайға көз жеткізу үшін автокөлікті есепке алу базалары бойынша тексеру жүргізуде.

25 сәуір күні 1991 жылғы К. деген тұрғын жалған құжаттарды пайдалана отырыпп, 2010 жылы шығарылған «Тойота Камри» автокөлігін арнайы ХҚКО-да ресімдемек болған. Көлік құралы барлық жағдай белгілі болғанға дейін мамандандырылған автотұраққа орналастырылды.

«БҚО полиция департаменті әкімшілік полициясы басқармасының аға мемлекеттік автоинспекторы сарапшы криминалистің қорытындысы қолдан жасалғанын анықтады. ХҚКО-дан түскен арнайы құжаттарды тексеру кезінде ресейлік нөмірлі «Тойота Камри» автокөлігінің 2022 жылғы қарашада тіркелгені және криминалистен тексерістен өткені күдік туғызды. Өйткені автокөлікті тұрғын Шығыс Қазақстан облысына аумақтан тыс тәсілмен жария етуге тырысқан. ҚР ІІМ-нің базалары арқылы К-ға берілген сарапшының қорытындысы жалған болып шықты, себебі қорытындыда көрсетілген тегі бар криминалист жоқ. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігіне (көрінеу жалған құжатты пайдалану) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.

Күні бүгінге дейін өңірде 9 284 өтініш (сақтандыру компанияларының деректері бойынша 12 мың автокөліктің 77 пайызы) түссе, соның 8 094-і заңдастырылды. Мұның 6 462-сі Ресейден әкелінген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүргізушінің автокөлікті куәліксіз айдап, ер адамды қағып кеткенін жазған болатынбыз.