Орал-Каспий бассейніндегі асыл тұқымды балықтарды заңсыз аулау әрекеттерінің жолын кесу үшін кешенді шаралар қолдану қажет - Үйлестіру кеңесі

АНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде Орал-Каспий бассейніндегі тұқымы аса құнды балықтарды заңсыз аулап, уылдырықты заңнан тыс өндіру әрекеттерінің жолын кесу мақсатында кешенді шаралар қолдану қажет деген шешім қабылданды.

 Орал-Каспий бассейніндегі асыл тұқымды балықтарды заңсыз аулау  әрекеттерінің жолын кесу үшін кешенді шаралар қолдану қажет - Үйлестіру кеңесі

 Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада осы отырыста көтерілген мәселелер жөнінде ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның  айтуынша, кеңес барысында Қазақстанның Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекараларындағы заңсыз көші-қонға орай қадағалау жұмыстарын күшейту жайы да қаралған. Бұл ретте, әсіресе контрабанда мен есірткі саудасына  баса назар аудару қажеттігі айтылған.

 Мәжіліске қатысушылар құқық қорғау органдары мен табиғат қорғау өкілдерінің қоршаған ортадағы байлықтарды қорғаудағы бірлескен қимылдарының тиімділігін арттыруда бірқатар заң нормаларын жетілдіру жөнінде Үкіметке ұсыныс жасау керек деген шешімге келді. Ал құқық қорғау органдарына екіжақты байланыстарды нығайтуға негіз болатын мықты тетік қалыптастыру үшін ведомствоаралық актілер қабылдау қажеттігі тапсырылды.