Орал-Көшім жүйесінің 4 су қоймасына су жиналып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқыны туралы әңгіме бөлек, суару маусымын да естен шығармаған жөн. Бұл ретте, елімізде «Қазсушар» филиалдары тасқын суын апатсыз өткізуді қамтамасыз етіп, алдағы суару маусымына дайындалып жатыр.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева бұл бағыттағы жұмыстарға тоқталды.
Су тасқыны кезінде «Қазсушар» мекемесінің Солтүстік Қазақстан филиалының мамандары Сергеев су торабының жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізген. 82 тоннадан астам тас, 15 темірбетон плита, 25 темірбетон блок және басқа материалдар төселді. Казталов ауданында көктемгі тасқын суды апатсыз өткізу үшін «Қазсушардың» Батыс Қазақстан филиалы Үлкен Өзен өзеніндегі уақытша жер бөгеттерін ашты. Нәтижесінде су лимандары мен табиғи шабындықтарға жіберіліп, елді мекендерді су басу қаупі азайды. Сонымен қатар, су тасқынының екінші толқыны кезінде Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасына су жиналып жатыр. Қазір онда 200 млн текше метрден астам су жиналды, бұл жалпы көлемнің 84%-н құрайды. «Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасып отыр.
«Абай облысының Үржар ауданында Қаракөл су қоймасының құрылыстары, Көкпекті ауданында Үлкен Бөкен өзеніндегі су торабы тазартылды. Шығыс Қазақстан филиалы Күршім ауданындағы «Жауғашты» магистральдық каналының бас құрылысын тазартты. Марқакөл ауданының Орта-Теректі су қоймасында инертті материалдар дайындалды», – деді Мөлдір Әбдуалиева.