Орал мектептерінде сабақ тағы да тоқтатылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты бүгін Орал қаласы мектептерінде бірінші ауысымда бастауыш сыныптарда сабақ тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыдан екі күн бұрын БҚО ТЖ департаменті БҚО-да 21 желтоқсанға қараған түні күннің 28-33, ал Оралда 30-32 градусқа дейін суытатыны жөнінде ескерту жариялаған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда аязға байланысты 12, 14 желтоқсанда бастауыш сыныптарда, 15 желтоқсанда 1-9-сыныптарда сабақ тоқтатылған болатын.