Орал мектептерінің көпшілігінде балаларды тамақтандыру неге бір фирмаға берілген
ОРАЛ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Орал қаласындағы мектептерде асханада балаларды тамақтандыру мәселесінің дұрыс ұйымдастырылмай отырғаны жөнінде мәселе көтерілді.

Қала тұрғыны Айболат Бөкеновтің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, облыс орталығындағы мектептердің 50-60 пайызында асханада балаларды тамақтандыруды бірнеше жылдан бері «Отау алаң» фирмасы ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге беріп келген. Оның айтуынша, бұл заңға қайшы, ҚР Білім және ғылым (қазіргі Оқу-ағарту) министрлігінің қағидаларына сай келмейді.
Осыған байланысты Орал қаласының білім беру бөлімі жауап берді.
Мекеме мәліметіне қарағанда, Орал қаласындағы мектептерде асханада балаларды тамақтандыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік сенімгерлік басқару негізінде жүзеге асырылады.
— Мемлекеттік-жекешелік әріптестік сенімгерлік басқару келісім шарты Батыс Қазақстан облысының білім басқармасымен 2020 жылы жасалған. 2015 жылғы 31 қазандағы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» ҚР Заңының 12-бабы 2-тармағына сәйкес және мемлекеттік-жекешелік әріптестік сенімгерлік келісімінің 77-бабы 5-тармақшасында жеке әріптес өз міндеттемелерін орындау барысында мемлекеттік әріптестің келісімімен қосалқы орындаушыға беру құқығына ие екені көрсетілген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңы аясында жүзеге асырылатынын және ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен реттелмейтінін еске саламыз, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қаланың қоқысқа толуына байланысты Орал әкімдігі жауап бергенін жазған болатынбыз.