Орал мен Ақсайда жаңадан қоқыс полигоны салына ма
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал мен Ақсай қалаларында жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу өзекті мәселе болып тұр.

БҚО бойынша экология департаментінің мәліметіне қарағанда, қазіргі қолданыстағы полигондар Оралда 1975 жылы, Ақсайда 1986 жылы пайдалануға берілген. Жобалық пайдалану мерзімі аяқталғанына қарамастан, қалдықтарды орналастыруға және көмуге мүмкіндік болғаннан кейін полигондар әлі күнге пайдаланылып отыр.
Осы мәселе бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform тілшісінің сауалына жауап берді.
Хатта жергілікті атқарушы органның ақпараты бойынша Орал қаласында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға 2020 жылы техникалық-экономикалық негіздеме дайындалған. Ауданы 70 гектар жер телімі бөлінген.
Министрлік мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта 101,8 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Құрылыстың болжамды құны — 20 млрд теңге. Жоба мемлекеттік сараптамаға жолданады.
Ақсай қаласында жаңа ҚТҚ полигонын салуға 2022 жылы техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, ауданы 40,0 га жер телімі бөлінді. Қазіргі уақытта 38,9 млн теңге қарастырылып, ЖСҚ әзірленуде.
— Сонымен қатар қолданыстағы полигонды жабу мақсатында «Орал қаласындағы ҚТҚ полигонын рекультивациялау» бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалып, жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жұмыс құны — 12 млрд теңге. Бүгінде аталған жобалардан өзге ҚТҚ саласындағы мәселелерді шешу мақсатында инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, — делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 150-ге жуық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының тек 17-сіне рұқсат берілгенін жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 60-тан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды.