Орал саяжайында кей үйлерді бір емес, бірнеше рет су басқан

су басты
Фото: ТЖМ

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 15 эвакуациялық пункт дайын болса, соның 10-на адамдар орналастырылды.

құтқару
Фото: ТЖМ

Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашевтің мәлім еткеніндей, студенттер онлайн оқуға кеткеннен кейін 8 жатақханаға 1 мыңнан астам адам көшіріліп, оларға жағдай жасалды. 

«Сонымен қатар эвакуациялық пункттердегі жүкті әйелдер, 6-7 баласы бар отбасылар және мүмкіндігі шектеулі адамдарды жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жайлы пәтерге шығару ойластырылуда. Қазіргі таңда барлығы 2 326 адам эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. Оған қоса 2 700 орын резервте тұр» деді А.Ғұбашев.

Арсен Зиннатұлының сөзіне қарағанда, қала әкімдігі мен қалалық прокуратура бірлесіп, эвакуациялық пункттерге тексеру жүргізіп, тұрғындарға тағы не қажет екендігін анықтайды.

су тасқыны
Фото: ТЖМ

Олар үш мезгіл ыстық тамақпен, гигиеналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

Аталмыш орындарда тәулік бойы полиция, емхана және СЭС қызметкерлері жұмыс істеуде. 
Тағы бір маңызды мәселе, үйлері суға кеткен тұрғындарға барынша көмек көрсетілуде.

Осы кезге дейін 3 706 адамнан өтініш қабылданса, соның 481-іне 100 АЕК көлемінде (369 200 теңге) біржолғы әлеуметтік жәрдем берілді. 

тасқын су
Фото: ТЖМ

«Саяжайлардың алды сәуір айының басында суға кетсе, 1, 2, 3-саяжай аумақтарын күні кеше тасқын су басты. Оған қоса екінші рет суға кеткен саяжайлар бар. Қазіргі кезде қала бойынша 10 комиссия жұмыс істеуде. Бұлардың саны тағы көбейтіледі. Күні бүгін көптеген саяжайда су тұр, кей жерлерде 2 метрден асады. Сондықтан комиссия мүшелері мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ондай жерлерге фото және видеотексеру кейін жасалады. Қадап айтатын жайт, тұрғындардың өз бетімен барып, фото мен видеоға түсіруінің қажеті жоқ. Бәрін комиссиялар реттейді» деді А.Ғұбашев. 

эвакуация
Фото: ТЖМ

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда 860 сантиметрден асқанын жазған болатынбыз.

Орал қаласында 116 саяжай бірлестігін су басты. 

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 5 500 өтініш қабылданды.  

су тасқыны
Фото: ТЖМ
тасқын су
Фото: ТЖМ

 

Соңғы жаңалықтар