Орал-Тасқала күре жолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы күре жолды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал-Тасқала күре жолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов бұл жобаның Елбасының тікелей бақылауында екендігін, сондықтан жол құрылысын уақтылы әрі сапалы бітіру керектігін жеткізді. Қаржы толықтай бөлінген, қажет материалдың барлығы бар, техника мен адам күші жеткілікті. Мамыр-маусым айында ауа райы жауын-шашынды болып, жұмыстың кешеуілдегені белгілі. Енді қалған уақытты тиімді пайдаланып, биылға жоспарланған жұмыс көлемін қолайсыз мезгілге қалдырмай, толық атқарып шығу керек.

Жолды қайта салып жатқан «Юнисерв» ЖШС-ның бас инженері Николай Кондополоның сөзіне қарағанда, ұзындығы 104 км Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолын күрделі жөндеу 2015 жылы басталған болатын. Содан бері 54 км жолға асфальт төселді. Биыл 86 шақырымға дейінгі жол бөлігі бітіп, қалған 18 км жол 2018 жылы салынатын болады. Оған қоса жол бойында 10 көпір қайта салынды. Қазір 12 көпір жөнделу үстінде.

Жол құрылысына «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес барлығы 26 млрд теңге бөлінген. Күні бүгін жұмыс тәулік бойы, демалыссыз жүргізілуде. Жұмысшылар вахталық әдіспен, екі ауысымда еңбек етуде. Жұмыс күші жергілікті жерден тартылуда, яғни 90 пайызы - жақын маңдағы ауылдар тұрғындары. Биылдың өзінде 70 адам жұмысқа қабылданған. Барлығы жол құрылысына 450 адам, 220 техника жұмылдырылған.