Оралда 10 әскери қызметші психикалық орталықта жатыр – фейк

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде Орал қаласында бірнеше әскери қызметшінің психикалық орталыққа жатқызылғаны туралы жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Оралда 10 әскери қызметші психикалық орталықта жатыр – фейк

«Әлеуметтік желіде Орал қаласындағы облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығына 10 әскери қызметшіні жатқызу туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл - жалған ақпарат, шындыққа жанаспайды. Қазір аталған орталықта мерзімді қызметтегі бір әскери қызметші жатыр», - деген ақпарат таратты аталған министрлік.

Сондай-ақ, ресми хабарламада психикалық орталыққа түскен әскери қызметші туралы айтылған.

«2022 жылғы 9 тамызында Ақтөбе облысының қорғаныс ісі жөніндегі департаменті биыл маусым айында Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне шақырылған қатардағы жауынгер Қайрош Арманбек Базарұлын дәрігер-мамандарға қаралуға жіберді. Кейін қатардағы әскер «Бейімделудің бұзылуы» алдын ала дигнозымен облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығына жатқызылды», - деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.