Оралда 100 оқушы ұлттық үлгідегі мектеп формаларын көрсетті
ОРАЛ. KAZINFORM — Ұлттық киім күніне орай Оралдағы оқушылар сарайында «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің көрінісі» іс-шарасы өткізілді.
Аталмыш іс-шара барысында қаланың 10 мектебінен келген ұлттық киім үлгісіндегі сынып оқушыларының шеруі ұйымдастырылды.

Жиынға қатысқан Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов өз сөзінде ұлттық киім киюдің қоғамда кеңінен тарала бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, хакім Абайдың «Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген сөзі бар. Сондықтан еліміздің жастары сәнді, дәстүрлі киінсе, олардың өмір сүру сапасы, ұлттық санасы өсіп, ұлтына деген құрметі еселене бермек.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтай жиынында Ұлттық киім күнін енгізудің маңыздылығына айрықша басымдық беріп, «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек», дей келіп, еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен сақтанып, салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керектігін атап көрсеткен болатын. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті де ұлттық киімінде. Осы жылы еңбек ұжымдары мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізгенін байқап жүрміз. Осындай бастаманы батысқазақстандық білім ұйымдарының қолдағаны да көңіл қуантады. Ата-аналар қолдау білдірсе, ұлттық мәдениетімізді көрсететін ұлттық нақыштағы мектеп формасын мектеп жарғысына енгізуді ұсынуға болады деп ойлаймын», - деді шаһар басшысы.

Іс-шарада, сондай-ақ, технология пәні мұғалімдерінің қолынан шыққан тақия, сәукеле сияқты ұлттық киімдердің сән көрсетілімі болып, «Қыз ғұмыры» әдеби-музыкалық композициясы ұсынылды.

Орал қаласы білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, ата-аналардың қолдауымен наурыз айының алғашқы күнінен бастап оқушылар мектепке зерлі шапан, оюлы тақия және заманауи үлгіде тігілген ұлттық киіммен келіп жүр. Әр сынып «Бір сынып – бір үлгі» қағидатымен ұлттық үлгімен үндестірілген мектеп формаларымен ерекшеленіп, Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға зор ықыласпен дайындалды. Солардың бір тобы – 100 оқушы сынып жетекшілерінің бастауымен бүгінгі іс-шараға белсене атсалысты.