Оралда 108 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 108 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа ғимараттың 30 пәтеріне үйлері апатты деп танылған тұрғындар орналасты.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пәтер иелерін жаңа жылмен құттықтап, баспана кілттерін табысты етті.
Өңір басшысының атап өткеніндей, қалада апатты және тозығы еткен үйлердің орнына «Реновация» бағдарламасы арқылы жаңа баспаналар бой көтеруде.
Аталған бағдарлама аясында 220 пәтерлік 28 апатты үй сүріліп, орнына 13 жаңа үй салынды.
Н.Төреғалиев құрылысты жаңа технологияларды қолданып, сапалы аяқтаған «Болашақ-Т» компаниясына ризашылығын білдірді.

Пайдалануға берілген 108 пәтерлі үйдің жалпы ауданы – 6469,74 шаршы метр. Мұндағы пәтерлердің 54-і – екі бөлмелі, қалған жартысы – үш бөлмелі.
«Бұрын ескі әрі апатты үйдің үш бөлмелі пәтерін мекендедік. Ескі болғандықтан, кәріз жүйесі жоқ еді, басқа да қолайсыздықтары жетіп артылатын. Міне, бүгін кең де жарық пәтерге қол жеткізіп, қуанудамыз. Осы тұрғын үйді іске қосуға атсалысқан жандардың бәріне алғыс айтамыз», деді қала тұрғыны Людмила Стельмах.
Көп балалы аналардың бірі Венера Жүсіпова да көптен күткен баспанаға көшіп жатқандығын, жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алатындарын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соғып, екі қолынан айырылған баланың ата-анасына пәтер берілгенін жазған болатынбыз.




Фото – БҚО және Орал қаласы әкімдігі