Оралда 13 жастағы қызды зорлағандарға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында 13 жастағы қызды зорлаған Р-ға, сондай-ақ кәмелетке толмаған М., А., Н. және Қ.-ға қатысты қылмыстық іс прокурордың  апелляциялық шағымы бойынша БҚО сотының қылмыстық  істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында қаралды.

Оралда 13 жасар қызды зорлағандарға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді
Фото: freepik.com

Сотталушылардың барлығы ҚР ҚК 293-бабы 4-бөлігіне (зорлау, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас балаға қатысты жыныстық қатынас жасау) сәйкес айыпты деп танылған болатын.

Оған қоса А. мен Н. ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бұзақылық жасау), Қ. ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі (автомобильді ұрлау мақсатынсыз айдап кету), сондай-ақ 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (көлік құралына заңсыз кiрумен бөтеннің мүлкін жасалған ұрлық), А. және М. ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (көлік құралына заңсыз кiрумен адамдар тобының алдын ала сөз байласулары арқылы жасалған ұрлық) бойынша айыпталды. Сонымен қатар А. жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас қызға қатысты сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді (ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігі) жасаған.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Р. 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылса, кәмелетке толмаған М. мен Н.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 7 жыл 6 айға, А. және Қ.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.

БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 18 қазандағы шешімімен М.,А.,Н.,және Қ.-ға қатысты тағайындалған жазалар бөлігінде өзгертілді. ҚК-тің 58-бабы 4, 5-бөлігі негізінде қылмыстардың жиынтығы бойынша М., және Н-ға түпкілікті 7 жыл 7 айға, ал Қ.-ға 8 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. А.-ға қатысты түпкілікті тағайындалған жазаға ҚК 58-бабы 4, 5-бөлігі қолданылды деп есептелді.

«Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурордың апелляциялық өтініші жартылай қанағаттандырылды, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды. Апелляциялық қарау барысында сот алқасымен апелляциялық шағымдардың уәждері расталмады, оның үстіне бірінші сатыдағы сотпен материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығы анықталды. Сол себепті М., Н., және Қ.,-ға қатысты тағайындалған жаза мөлшерін көбейтті. Үкім заңды күшіне енді», деп хабарлады БҚО сотынан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 13 жастағы қызды зорлағандардың сотталғанын жазған болатынбыз.