Оралда 2 мыңға жуық пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталады - БҚО әкімі
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Орал қаласында 2 мыңға жуық пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталады. Бұл туралы бүгін облыс активі жиынында өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, аудандарда сондай-ақ бір және екі қабатты 140 үй салынбақшы.
Мемлекет басшысы өзінің «Әлеуметтік 5 бастамасы» арқылы тағы да тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Президенттің ұсынысына сәйкес жаңа «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, сол арқылы өңірде мыңдаған тұрғын баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алады. Яғни, ипотека қазіргіден екі есе төмендетіліп, 7 проценттен аспайтын болады. Алғашқы жарна да бұрынғысынан екі есе азайтылып, 20 процент болмақ. Ал ай сайынғы төлем азаматтардың қалтасына ауыртпалық түсірмес үшін 25 жылға дейін созып төлеуге мүмкіндік береді.
«Ел ертеңі - жастар» дейтін болсақ, бұл бағытта елімізде қыруар жұмыстар атқарылуда. Жастарымыздың шет елдерде де, өз мемлекетімізде де алаңсыз білім алып, қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Елбасы өзінің «Әлеуметтік 5 бастамасында» елімізде 159 мың студент грантпен білім алып жатқанын атап өтті. Батыс Қазақстандағы екі мемлекеттік университетте 3 135 студент грант арқылы білім алуда. Мемлекет басшысының ұсынысына сәйкес тағы 20 мың білім гранты бөлінетін болды. Университеттер бұл өзгерістерге кадрлық, материалдық-техникалық жағынан дайын болуы қажет.
«Әлеуметтік 5 бастамада» жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі ашық айтылды. Біздің өңірде де жатақханаға мұқтаж студенттер жоқ емес. Бүгінгі таңда 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Жоғары оқу орындарының 500, колледждердің 1750 студенті туыстарында немесе пәтер жалдап тұрады. Президенттің бастамасына сәйкес жатақхана құрылысына көбірек көңіл бөліп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасында жұмыстануымыз қажет. Біз орта және кәсіптік оқу орындардың студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын дайындайтын боламыз», деді Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, өңірде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары 56 мың, ал баспана кезегінде тұрғандар саны 22 мыңнан асты. Президент қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы облыстағы құрылыс саласының қарқын алуына оң септігін тигізуде. Соңғы екі жыл ішінде 3 мың адам өз үйінің кілттерін алды. Оның ішіндегі 700 отбасы - жетім-жесірлер, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік топтар өкілдері.
2017 жылы құрылыстағы өсім 42 процентті құрады.