Оралда 500 орындық студенттік жатақхана пайдалануға берілді
Республика күні қарсаңында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін 500 орындық 9 қабатты жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа жатақхана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының 89-тармағында көрсетілген «Студенттік жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу» тапсырмасына сәйкес жүзеге асты.
Салтанатты жиын ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен басталды.
Министр тоқсан жылдан астам тарихы бар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Қазақстанның батыс өңіріне жүз мыңға жуық кәсіби білікті ұстаз маманды дайындап шығарған білім ордасы екендігін атап өтті.
«Республика бойынша алғаш рет университет өз қаражаты есебінен студенттер үйін тұрғызды. Өңір басшылары осы орайда үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда БҚУ студенттері 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етіледі. Жұмыла көтерген жүк қашанда жеңіл. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз еселі, жұмыстарыңыз жемісті болғай!» деді С.Нұрбек.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Республика күні қарсаңында өңірдегі білім мен ғылымның қара шаңырағы – Батыс Қазақстан университетінде төртінші жатақхананың ашылып отырғанын жеткізді.

«Қазіргі студенттер еркін ойлы, өздеріне сенімді. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі осы жастарға байланысты. 2018 жылы Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен университетке ауданы 0,1942 гектар жер телімі пайдалануға берілді. Осы орында тоғыз қабатты, 500 орындық жатақхана бой көтерді. Республика бо йынша тұңғыш рет өз қаражаты есебінен жатақхана тұрғызуды қолға алған университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлына ризашылығымды білдіремін. Бұл тәжірибені өңірдегі өзге де оқу орындары жүзеге асырады деп сенемін» деді өңір басшысы.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев пен Қазақстан Республикасы Президентінің атаулы шәкіртақы иегері, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, студенттер үйінің тұрғыны, педагогика факультетінің 4-курс студенті Гүлсезім Сегізбаев жаңа жатақхананың лентасын қиды.
Айта кетейік, нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас, жатын, жуыну бөлмелері бар.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі студенттерге инклюзия форматына сәйкес арнайы бөлмелер мен мүгедектігі бар білім алушыларға 16 орын берілмек.
Бұдан бөлек студенттер үйінде дәріхана, медициналық пункт, кафетерий және мұғалімдер мен кезекшілерге арналған бөлмелер іске қосылмақ. Жатақхана аумағы толық абаттандырылып, спорт алаңы тұрғызылды.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жаңа жатақхананы қоса алғанда, студенттерге 1526 орын жасақталды. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, жаңа ғимараттардың құрылысы қолға алынады.

"Қаржы орталығы" АҚ Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан университеттің жатақхана салу шығындарын 6 жыл ішінде өтейді.
Бір орынға мемлекеттік тапсырыс мөлшері - 195 АЕК, 500 студент қоныстанған кезде айына 28 млн теңге төленеді.
Жатақхананың құрылысы мен пайдалануға беру барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арасында екі жақты келісімге қол қойылды.
БҚУ басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Серғалиев жобаға бастан-аяқ жетекшілік етті. Аталмыш нысанды мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес мердігер ұйым – «BETA Services» ЖШС салды.