Оралда 803 студент МӘМС жүйесіне қосылмай қалған

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының прокуратурасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.

МӘМС пен Шипагер
Коллаж: Kazinform/Freepik

Тексеру барысында бірқатар оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын студенттер туралы мәліметтердің Ұлттық білім беру деректер базасына уақытылы әрі толық енгізілмегені анықталған.

Соның салдарынан жарналары мемлекет есебінен төленуге тиіс 803 студент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілмеген.

Орал қаласының прокуратурасы прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша шара қабылдады.

Нәтижесінде білім беру ұйымдары студенттер туралы толық әрі нақты мәліметтерді деректер базасына енгізген.

- Осылайша 803 студенттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы медициналық қызметтерге қол жеткізу құқығы қалпына келтірілді, - делінген ақпаратта.

Прокуратура азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, жыл басынан МӘМС жүйесіне қосылған адамдар саны күрт артты.