Оралда 9 жасар баланың батутта жарақаттануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Оралда батут орталығында 9 жасар баланың жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform.

қылмыс
Фото: Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 қазан күні сағат 15.30-да «Sky Jamp» батут орталығында болды.

Осында ойнап жүрген 9 жасар бала жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігіне (қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, бала әкесімен бірге жедел жәрдем көлігімен сағат 17.10-да облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.

«Сол күні шұғыл емдеу жасалған. 6 қараша күні сағат 12.00-де қанағаттанарлық күйде одан әрі амбулаторлық емдеу үшін үйіне шығарылды. Невролог, хируг және педиатрдың бақылауында болып, дене тәрбиесі сабағынан босатылады», деп хабарлады ведомстводан.

Баласының батут орталығында жарақат алғаны жөнінде Татьяна деген анасы әлеуметтік желіде жазды.

Оның мәлімдеуінше, ұлы сол күні сыныптасының туған күніне байланысты «Sky Jump» орталығына барып, басынан жарақат алған. Салдарынан басына шұғыл ота жасалған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, ол батуттан жұмсақ жерге секірген. Артынан бір адам (балалардың айтуынша, орталық қызметкері) секіріп, аяғымен басынан соққан.

«Ота кезінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар келіп, күйеуім кінәлілерді табу үшін арыз жазды. Көп ұзамай екі апта болады, ешқандай жаңалық жоқ. Тергеуші ешкімнен жауап алған жоқ. Тергеуші балаға ота жасалып, ауруханада жатқанын да білмейді. Батут орталығының басшылығы тарапынан ешкім хабарласып, баланың жағдайын сұраған жоқ. Сол күні балалармен қауіпсіздік техникасын сақтау жөнінде ешқандай нұсқаулық жүргізілмеген. Баланың басынан қан шапшыған кезде дәрі-дәрмек қобдишасы болмаған, қызметкерлер салфетка әкелген. Балам шайбалы хоккеймен айналысатын еді. Енді спортпен айналысудың өзі мұң болып тұр», - деп жазды Татьяна.