Оралда адамдар жаппай уланған дәмхана иесі рақымшылыққа ілікті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 6 наурыздағы үкімімен Нұрман Қабекешев ҚР ҚК 304-бабы 1-бөліміне (санитарлық ережелердің немесе гигиеналық талаптардың бұзылуы) сәйкес айыпты деп танылып, оған бас бостандығын 1 жылға шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда адамдар жаппай уланған дәмхана иесі рақымшылыққа ілікті

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар тамақ өнімі өндірісі саласында үш жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық туралы» ҚР Заңы 2-бабы 1-бөліміне сәйкес онша ауыр емес қылмыс жасағандар жазадан босатылады. Сол себепті Н.Қабекешев негізгі жазадан құтылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, «Қабекешев Н.С.» жеке кәсіпкерлігі жалға алған дәмханада тез дайындалатын тағамдарды сатқан. Алайда тағамды санитарлық кітапшасы жоқ адамдар оны әзірлеу және сақтау талаптарын бұза отырып, дайындаған. Санитарлық және гигиеналық талаптардың бұзылуы салдарынан өткен жылғы 9-11 қараша аралығында тамақтан уланған 29 адам өткір гастроэнтроколит диагнозымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған болатын.

Басты сот талқысында сотталушы өз кінәсін толықтай мойындады.

Еске сала кетейік, 9-11 қараша күндері Д.Қонаев атындағы шағынаудандағы «М6» сауда үйінде орналасқан «Бургер стрит+» кафесіндегі тез дайындалатын бургерлермен тамақтанған барлығы 33 адам дәрігерлер қызметіне жүгініп, соның 29-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған болатын. Осының жетеуі бала болса, біреуі төрт жасқа толмаған балдырған еді. Кейін адамдардың сальмонеллез ауруын жұқтырғаны мәлім болды. БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті анықтағанындай, аталмыш нысанды адамдардың жаппай улануынан кейін тексерген кезде көптеген заңбұзушылықтардың беті ашылды.

Асханада жұмыс жасайтындар негізінен жастар болып шықты, олардың аспаз ретіндегі біліктілігі жоқ. Оған қоса барлығында санитарлық кітапша мен жұмысқа рұқсат қағазы болмады. Ақыры жұқпалы аурудың аспаздан таралғаны белгілі болды.