Оралда әділет саласының үздіктері марапатталды
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен сала қызметкерлерінің ҚР Конституциясы негізінде заң шығарушылық ісінің Елбасы саясатына сәйкес алға басуына өз үлестерін қосып келе жатқандығын атап өтті. Қоғамның дамуы мен мемлекеттің нығаюы жолында заңгерлер әркез аянбай еңбек етуде.
Өңір басшылығы атынан сала үздіктеріне алғысхаттар табыс етілді. Сонымен қатар тағы бір топ қызметкер «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Салтанатта сөз алған облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитова әділет органдарының құрылу тарихына тоқталды. Оның айтуынша, 1919 жылғы 30 қыркүйекте Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитетінің қаулысымен әділет органы құрылған. Кейін ол әділет халық комиссариаты, Қазақ КСР Әділет министрлігі болып қайта құрылды. Елбасы Жарлығымен 30 қыркүйек - Әділет органдары қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, ол үш жылдан бері тойланып келеді.
Шара соңында әділет саласының жас қызметкерлері салтанатты түрде ант берді.