Оралда «Ақ көгершін» республикалық байқауы мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Жастар мәдениет үйінде XV республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Ақ көгершін» балалар қоры жас жеткіншектердің өнердегі қарым-қабілетін жетілдіру, ұлттық мәдениетке баулу, жаңа есімдерді ашу мақсатында жыл сайын ұйымдастыратын дәстүрлі додаға Қазақстанның батыс өңірінен 5-17 жас аралығындағы барлығы 850-дей үміткер қатысты. Олар вокал, халықтық аспапта орындау, би, сән өнері, көркемсөз оқу сынды аталымдар бойынша сынға түсті.
Фестиваль қорытындысында аспапта орындаудан Оралдағы Д.Нұрпейісова атындағы №1 балалар музыка мектебінің скрипка ансамблі, сондай-ақ осы білім ордасынан Полина Незнанова (домбыра), Зеленов ауданы Переметный ауылынан Айдос Серіков (фортепиано), дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінен Раушан Ғимран (қобыз), оралдық Байдәулет Сүндетқали (скрипка) бас жүлдені жеңіп алды. Көркемсөз оқудан Ақжайық ауданы Есенсай ауылынан келген Нұрдәулет Мағытай алдына жан салмаса, «Халықтық орындауда» С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат кешенінің «Атамұра» үлгілі халық аспаптар оркестрі озды. Биден кіші топтағылар арасынан Ақтөбе облысы Хромтау қаласынан келген «Алтын дән» ансамблі, сондай-ақ Оралдағы А.Байтұрсынов атындағы №10 мектептің «Айназ» (орта топ) би ансамблі жеңімпаз атанды. Ән салудан Оралдағы №7 мектеп шәкірті Сабина Исмаилова озды. Сол секілді дәстүрлі ән орындаудан оралдық Армат Әділов пен жаңақалалық Сихватолла Ешкаев үздік шықты.
Байқау жеңімпаздары Астана қаласында наурыз айында өтетін «Ақ көгершіннің» халықаралық кезеңіне қатысатын болады.