Оралда ақ комбинезонмен тұмшаланған ер адам микроқаржы ұйымын тонады

None
Видеодан алынған кадр
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласының 39 жастағы тұрғыны халыққа ақшалай қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының бірін тонап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 1 маусым күні болды.

Орал қаласында орналасқан микроқаржы ұйымдарының бірінің кассирі Полиция департаментінің кезекші бөліміне қоңырау шалып, сағат 15.36-да үстіне ақ комбинезон киген белгісіз ер адамның кеңсеге баса-көктеп кіргенін хабарлады. Ол кассирді тапанша тәрізді затпен қорқытып, кассада бар ақшаны беруді талап еткен. Кассир қорыққанынан ақшаны берген. Содан кейін шабуыл жасаған адам оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде БҚО Полиция департаментінің қызметкерлері 1984 жылы туған күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 1-бөлігіне (қарақшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ұсталған адам Орал қаласы полиция басқармасы уақытша ұстау изоляоторына қамауға алынды

, деп хабарлады ведомстводан.

Полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, мән-жайларды анықтау барысында 39 жастағы күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болып шықты. Ол кассирді ойыншық тапаншамен қорқытқан. Айтуынша, ол бұл қылмысқа қарыздарынан құтылу үшін барған.

Батыс Қазақстан облысында осымен жыл басынан бері үш қарақшылық шабуыл тіркелді. Қылмыстардың үшеуі де ашылды.


Соңғы жаңалықтар
telegram