Оралда академик Р.Елешевтің мерейтойы аталып өтілді
ОРАЛ. 26 қазан. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде көрнекті ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА, Ресей Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының, Халықаралық аграрлық бiлiмдер академиясының академигi, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы агрохимия және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, университеттің агрохимия және топырақтану кафедрасының меңгерушісі Рахымжан Елешевтің 75 жылдығына арналған «Топырақ құнарлылығын сақтаудың басымды бағыттары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция басталмас бұрын қатысушылар назарына ғалымның өмірі мен ғылыми-педагогикалық қызметі туралы деректі фильм ұсынылды.
Мерейлі шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен құттықтау сөз сөйлеп, Рахымжан Елешұлының иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Университет ректоры Қазыбай Бозымов академик Р.Елешевтің Қазақстан Республикасы агрохимия ғылымының дамуындағы рөлі туралы көлемді баяндама жасап, мәртебелі мейманға жоғары оқу орнының 50 жылдық торқалы тойына арналған мерекелік медаль мен бағалы сыйлықты тарту етті.
Келесі кезекте мінберге көтерілген ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Нұрлан Серғалиев, университет профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, ғалымның шәкірті Бейбіт Нәсиев, ғалымдар Сәуле Рахымғалиева мен Болатқали Төлебаев, «Топырақтану және агрохимия» мамандығының магистранты Назгүл Қабдығалиевалар облыс аумағында топырақ құнарлылығын арттыру мәселелеріне арналған баяндамаларын жасады.
Шара соңында мерейтой иесі Рахымжан Елешев өзіне көрсетілген сый-құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, конференцияны ұйымдастырған университет басшылығына алғыс айтты.
Университеттің ғылыми кітапханасының қызметкерлері жасақтаған ғалымның еңбектері мен кітаптары, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық мақалалары топтастырылған «Ғылым көкжиегіндегі дара тұлға» атты көрме шара қатысушыларының көңілінен шықты.