Оралда ақын Дариға Нұрашеваның «Өлең - өмір гүлзары» атты жыр кеші өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын, бірнеше кітаптың авторы Дариға Нұрашеваның «Өлең - өмір гүлзары» атты жыр кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ақсай қаласында тұратын Дариға Нұрашева Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметін жемісті атқарумен бірге өлең өлкесінде де өз орны бар екендігін дәлелдеп келеді. Әдеби ортадан жырақтау болғанмен, шығармашылықпен айналысуды тоқтатқан емес. Жырлары сыршыл келетін ақын бұл жолы да оқырмандарына жаңа туындыларын ұсынып, түрлі сауалдарына жауап берді.
Кеш барысында айтыскер ақын Жарқынбек Шынтаев ниетін жырмен жеткізсе, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналин, филолог-ғалым Болат Жексенғалиев, экономика ғылымдарының кандидаты Әскерғали Шамғонов Дариғаның ақындығымен қатар адами келбеті, ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі жайында өз ойларын қосты. Сонымен қатар облыста шығармашылық сапармен жүрген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов қарындасына ақжарма тілегін айтты.
Өлеңнің абыройын асқақтатқан кеш әдемі әуендермен көркемделе түсті.
«Мені құрметтеп, кешіме келгендердің бәріне ризашылығымды білдіремін. Осындай шаралардан кейін бір серпіліп, шабыт келіп, одан сайын қанат біткендей болады», деді Дариға Нұрашева.