Оралда ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш тақта ашылды

  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

null
Қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілдерінің бірі, ақын, аудармашы Қайрат Жұмағалиевтің туғанына биыл 80, дүниеден озғанына төрт жыл толып отыр.

Тарихи Бөкей ордасы ауданында кіндік қаны тамған ақын 2009 жылы елге оралып, 2013 жылы көз жұмғанға дейін «Жайық Пресс» ЖШС-да директордың кеңесшісі ретінде қызмет етті. Отызға жуық кітап жазған қаламгер соңына мол мұра қалдырды.

null 

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, туған елге, туған жерге қызмет еткен ақынның есімі мәңгі өшпек емес.

Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сара Латиева Қайрат Жұмағалиевпен ағалы-қарындас ретінде сыйласып өткендігін айтып, ақын жырларының елімен бірге жасай беретіндігін жеткізді.

null 

Сондай-ақ аталмыш ескерткіш тақтаның ашылуына бастамашы болған ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов пен «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Қайрат Жұмағалиевтің есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралардың бұдан былай да жалғасатынын атап өтті. Мысалы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оралда аналарға ескерткіш орнатылса, онда Қайрат ақынның «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөзін жазып қоюға болады. Сонымен қатар шаһардағы бір көшеге ақын есімі берілсе, еш артық емес.

Ақынның жары София Нығметоллақызы Қайрат Жұмағалиевке көрсетілген құрмет үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.

null 

Бұдан кейін «Жайық Пресс» ЖШС мәжіліс залында ақын рухына құран бағышталып, естеліктер айтылды.

Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің студенттері Зафура Мамут, Фероза Таупен, Елнұр Орынова ақын өлеңдерін оқыса, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері Дархан Құлбабаев пен Мәди Сабыров Қ.Жұмағалиевтің сөздеріне жазылған туындыларды орындады.

null 

Жиында айтылғанындай, ақын өлеңдері барша қазақ оқырмандарының жан азығына айналды. Ұлттық құндылық, ата-баба рухына адалдық, туған жерге сүйіспеншілік секілді адамгершілік-азаматтық қасиеттердің асқар биігінен көрінген Қайрат ақынның жырлары кейінгі ұрпақты әділетке, ар-намысқа, ананы, туған жер мен адамзатты сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті. Бір ғана «Анашым» өлеңімен (әнін жазған Марат Омаров - авт.) барша анаға жырмен ескерткіш тұрғызған ақынның өзі де бүгінде сағынышқа айналды. Бірақ оның өмірдегі және өлеңдегі өр тұлғасы ешқашан аласармақ емес. 

null null 

Соңғы жаңалықтар