Оралда ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш тақта мен ақпараттық пилон орнатылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевтің (1937-2013) көшесінде ескерткіш тақта мен ақпараттық пилон орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш тақта мен ақпараттық пилон орнатылды

Ақынның туған күніне орай ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысқан Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың атап өткеніндей, әр елдің, әр өңірдің ұлықтайтын мықты тұлғалары бар. Соның бірі – ақын Қайрат Жұмағалиев.

«Қайрат Жұмағалиевтың қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Соның ішінде жастар мен балаларға арнаған туындылары мектеп оқулықтарына енді. Ақын өмірінің соңғы жылдарын Ақ Жайықта өткізіп, өндіре еңбек етіп, «Жарық дүние», «Кие» атты кітаптарын шығарды. Жастармен жиі кездесіп, ғибрат аларлық сөздерін айтты. Туған елінің нақ ортасында болып, үлгі-өнегесін көрсетті. Сондықтан ақын есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы іс-шаралар бұдан кейін де жалғасатын болады», деді М.Сатқанов.

Белгілі ақын, Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева қазіргідей қилы кезеңде руханият жолынан айнымай, Қайрат Жұмағалиевтай асылдарымызды ардақтай білу керектігін айтты.

«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп, ана сыйлаудың үлгісін көрсетіп, кейінгі ұрпаққа ұран тастап, аманаттап кеткен Қайрат ақынды қалай құрметтесе де, жарасады. Бүгінгі ескерткіш тақта да тасқа басылған кітаптың құны жоғары, ақын сөзінің құдіретті екендігін тағы бір танытып тұр. Бұл тек Қайрат Жұмағалиевке қойылған белгі ғана емес. Бұл осыдан жетпіс жыл бұрын Хан ордасын полигон жасап, туған жерінен зорлап көшірген зұлмат заманды еске салып тұратын болады. Ордадан Шымкентке көшкен халықтың арасынан он баласын көміп, елге қайтып келгендер болды. Бұл – сол нәубетті көзімен көрген Қайратқа деген ескерткіш», деді ақын А.Бақтыгереева.

Қ.Жұмағалиевтің қызы Жанар Қайратқызы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізсе, еңбек ардагері Лавр Хайретдинов ақынның 85 жылдығына орай әлі де бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.

«Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігі Қайрат Жұмағалиевті құрмет тұту бағытында жұмыстанып келеді. Орал қаласында Жұбан мен Қадырдың еңселі ескерткіші бар. Қайрат ағамыз қайтқаннан бері біраз уақыт өтті. Анасы Жаңылғаным екеуіне ескерткіш орнату жөнінде бастама көтеріліп, жобасы жасалды. Мұндай жұмыстарды туған жері – Бөкей ордасы ауданында да тындыруға болар еді», деді Л.Хайретдинов.

Айта кетейік, Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Бесқұдық елді мекенінде дүниеге келді. 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жері полигонға берілген кезде анасы Жаңылғаныммен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. 1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітіргеннен кейін «Жазушы» баспасында еңбек етіп, бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. 1985-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, бас редактор, 1993-1996 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болды, «Сарыарқа» журналында да еңбек етті. 2009 жылы елге оралып, 2013 жылы 17 желтоқсанда көз жұмғанға дейін «Жайық Пресс» ЖШС-да директордың кеңесшісі ретінде қызмет атқарды. Отызға жуық кітап жазған қаламгер соңына мол мұра қалдырды.