Оралда ақын Қайрат Жұмағалиевтің мерейтойы атап өтілді
Ақынды мерейтойымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, Қайрат Жұмағалиевтің жаңадан жарық көрген «Жарық дүние» атты кітабын табыс етті. Иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті. Ақынның зайыбы София да ұмыт қалған жоқ.
Қайрат Жұмағалиевтің тойына арнайы келген қаламгерлер, Қазақстан халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары Әнес Сарай, Ұлықбек Есдәулет, сондай-ақ халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев, Сенат депутаты Рашид Ахметов жылы лебіздерін арнады.
Бөкей ордасы ауданында дүниеге келіп, атамекенінің полигонға берілуіне байланысты бала шағында жер аударылып кеткен ақынның ата жасында елге оралып, өндіре өлең жазып, қоғамдық өмірге белсене араласып жүргені айтылды. Ақынның өлең-дастандары енгізілген көптеген кітаптары жарық көрсе, оның аудармашылығы - шығармашылық қызметінің бір қыры.
Кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды.
Мерейтой иесі өзін құрметтеп келген меймандарға, Ақ Жайық жұртшылығына жүрекжарды алғысын білдірді.