Оралда ақын Жанғали атындағы оқырман бөлмесі ашылды

Аталған бөлмеде Жанғали ақынның көзі тірісінде тұтынған бұйымдарына қоса жеке кітапханасынан алынған 1130 кітап сөреге қойылған. Сонымен қатар облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханадан әкелінген «Брайль» және кітаптың дыбысталған нұсқалары орналастырылған.
Ашылу рәсімі «Жайықтың Жанғалиы» атты әдеби-музыкалық шараға жалғасты. Жанғали Нәбиуллиннің шығармашылығын зерттеп, монография жазған ақын, ұстаз Талап Таймасұлы, ардагер журналист Тихон Әліпқалиұлы естеліктерімен бөлісіп, риясыз пікірлерін білдірді.
Ақынның жары Ағиба Ғинаятқызы Жанғали Нәбиуллиннің соңында мол мұра қалғанын, соның бір бөлігі - өзі өмір бойы жинаған кітаптарын Қадыр орталығына қою ұсынысын қабыл алып, ұйымдастырған осы мекеме директоры Бауыржан Халиоллаға шынайы алғысын жеткізді.
Шара барысында ақын өлеңдері оқылып, әндер орындалды.
Айта кетейік, ақын Жанғали Нәбиуллин 1936 жылы 13 желтоқсанда қазіргі Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылында дүниеге келді. Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда қызмет атқарды, Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі де болды. Тырнақалды өлеңдері 1961 жылы «Жас дәурен» ұжымдық жинағына енсе, кейін «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім!», «Орда - қаһармандар қаласы», «Қасқағым», «Жырлайды жылдар», «Жоғары кернеу», «Жетінші перне» көптомдығы және басқа кітаптары жарық көрді. Ақ Жайық өңірінде қалам ұстағандардың бәріне дерлік ұстаз бола білген Ж.Нәбиуллин - Орал қаласы, Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарының құрметті азаматы. Оның өлеңдегі алғашқы қадамын Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбековтер жоғары бағалап, сәттілік тілесе, кейін өзі сыйлас, сырлас болған Қадыр Мырза Әли «Осы жұрт Жанғалиды біле ме екен?», деп «Жас Алашқа» мақала жазып, жар салды. Сондықтан Қадыр орталығында Жанғали бөлмесінің ашылуы да заңдылық. Өткен жылы Ж.Нәбиуллиннің туғанына 80 жыл толғанымен, оның мерейтойы облыс көлемінде аталмай қалған болатын. Бүгін сол олқылықтың орны сәл де болса толғандай көрінді.