Оралда «Ақжайық полиция аруы» анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Ақжайық полиция аруы – 2020» байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда «Ақжайық полиция аруы» анықталды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оған осы салада жұмыс істейтін 11 ару қатысып, бақ сынады.

Қатысушылар сайыстың алғашқы бөлімінде өздерін таныстырып, мамандық таңдау себебін айтып, өмірі мен қызметіндегі ерекше есте қаларлық сәттерімен бөлісті. Содан кейін шығармашылық өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар Макаров тапаншасымен нысана көздеуден жарысқа түсіп, ұлттық салт-дәстүрге қатысты сауалдарға жауап берді. Үй тапсырмасына сәйкес қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап әкелсе, ең соңында ұлттық киім үлгілері көрсетілді.

Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен БҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкері, полиция сержанты Гауһар Телеубаева жеңімпаз атанды.

Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Раушан Айтмұхамбетова екінші, Орал қаласы полиция басқармасы ақпарат және байланыс бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Айнұр Үмбетова үшінші орынға ие болды.

Сондай-ақ Мөлдір Нұрқаятова «Көрермен көзайымы», Әйгерім Махмуд «Мерген ару», Лаура Ғаббасова «Тағамынан бал тамған аспаз ару», Айдана Әбдірахманова «Сымбатына жарасқан ұлттық киім», Әсем Нұрлан «Қыз еркем – өнерімен көркем», Айдана Меңдібекова «Сөз шебері», Жанар Ғабдулова «Білімді ару», Наталья Борзикова «Әдебімен ерекшеленген ару» аталымдары бойынша марапатталды.

Салтанатты шара барысында БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұдхан Аблазимов жеңімпаз-номинанттарды құттықтады. Сайыс жүлдегерлеріне 100 мың, 75 мың және 50 мың теңге ақшалай сыйлық ұсынылса, аталым иегерлеріне гүл шоқтары, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Оған қоса жуырда күдіктіні құрықтауда өзі аяғы ауыр бола тұра, ептілік пен қайсарлық танытқан Орал қаласы полиция басқармасы Шаған полиция бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Шолпан Меденова (Серікова) ҚР ішкі істер органдарының «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кетейік, биылғы ақпан айында Ш.Меденова Д.Қонаев атындағы №6 шағынауданнан №22 автобуспен жұмысына келе жатқан кезде салоннан тергеу органдарынан жалтарып жүрген ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сегіз адамның мүлкін ұрлауға қатысы бар күдіктіні байқап қалады. Артынан ілесіп отырып, оны ұстап, Шаған полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлеріне тапсырады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.