Оралда алдағы жылдары он алты көп қабатты тұрғын үй салынбақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда алдағы жылдары он алты көп қабатты тұрғын үй салынбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қала әкімі Мұрат Мұқаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда алдағы жылдары он алты көп қабатты тұрғын үй салынбақ

Оның айтуынша, соның 9-ы Зачаган кентінде, жетеуі қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде бой көтермек. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған, барлығы 1800 пәтерден тұратын бұл үйлердің құрылысы 2018-2019 жылдары басталмақшы.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 70 мың шаршы метр болатын 1180 пәтерлік 8 тұрғын үй, 12 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салу көзделсе, тоғыз ай ішінде «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» салымшылары үшін 4 үйдің құрылысы бітті. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Деповская көшесіндегі апатты үйдің орнына жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Тағы үш үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақшы.

Дегенмен тұрғындарға жер телімін беру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Күні бүгін 70885 адам жер телімін алу кезегінде тұр. 2000-2012 жылдары 15 мың адамға жер телімі беріліп, содан кейін тоқтатылған болатын. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес қалаға қарасты Круглоозерный ауылдық округі аумағынан тұрғындарға жер телімін беру үшін инженерлік желі тарту мен әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты жобалық құжаттар әзірленуде.

Биыл қалада 20 аула аумағын абаттандыруға бюджет есебінен 507 млн теңге бөлініп, бұл жұмыстар толықтай мәреге жетті. Жалпы абаттандырылған аула саны 54-ке (3440 пәтер, 10 мың тұрғын) жетті. 2018 жылы тағы 29 аула аумағын абаттандыру көзделуде.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту бағытында 2017 жылы 7 үйге күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Күні бүгін 80 млн теңгеге 4 тұрғын үй жөнделді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Гагарин көшесі 1-мекенжайындағы үй бұзылып, оның орнына 126 пәтерлік тұрғын үй құрылысын «Караванный путь» ЖШС бастап кетті. Сонымен қатар Құрманғазы көшесі 198-мекенжайындағы үйдің орнына 64 пәтерлік үйді салуға «КазХол» ЖШС кірісуде. Оған қоса Ғ.Қараш көшесі 33/1 және Ғ.Құрманғалиев көшесі 3-мекенжайындағы үйлерді бұзып, орнына жаңасын тұрғызу үшін пәтер иелерімен түсінік жұмыстары жүргізілуде.