Оралда алғаш рет ұлттық спорт түрлерінен әкелер мен балалар арасында жарыс өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Балалар жылы аясында «Орал» спорт клубының ат спорты бөлімінде ұлттық спорт түрлерінен алғаш рет әкелер мен балалар арасында жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орал» спорт клубының директоры Есқабыл Жалмұрзиевтің айтуынша, аталмыш жарыс ұлттық спортты дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Өңірге танымал спорт ардагерлері Руслан Мырзашев пен Қуаныш Уақасов балаларға батасын берсе, олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі директоры Қанат Жанғалиев ат спортының адам өміріндегі, бала дамуындағы маңызы зор екендігін жеткізді.

Әкелі-балалы 12 жұп садақ ату, серке ілу, кермеге тартылу, аударыспақ сынды нағыз жігіттер сайысына түсіп, салт-дәстүр, ат спорты мен жылқыға қатысты сауалдарға жауап берді.

Бұл күні әкелер өз ұлдарының ат жалын тартып, ұлттық спорт түрлеріне төселгенін көріп, өздері де намысқа тырысты. Әсіресе, аударыспақта, серке ілудегі балаларының ептілігіне тәнті болды.

Жиналған жұртшылық ат спорты нағыз білекті, жүректі жігіттердің ісі екеніне тағы бір көз жеткізді. Шараның мақсаты да ат жалын тартып, ата жолын қуған жеткіншектердің ісін әкелерге көрсету, екі арадағы берік қарым-қатынасты нығайту болатын.

Сайыс қорытындысында Оралхан Бақтыгереев пен оның ұлы Нұрдәулет Мағзом жеңімпаз атанды. Әбілқайыр Ахметов пен Дияс Сүйінғараев екінші, Нұрлан Ахмешев пен Арсен Мұратқали үшінші орынға ие болды.

Жүлдегерлер дипломмен, жарысқа қатысушылар алғысхат, бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар