Оралда «Алтын Орда» театрының алғашқы қойылымы сахналанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Наурыз мерекесіне орай «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының алғашқы қойылымы сахналанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда «Алтын Орда» театрының алғашқы қойылымы сахналанды

Театрдың премьерасы актриса, драматург, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісімен ашылды.

Ертегіні қойған Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері әрі режиссеры Самал Әбуовтің айтуынша, аталған театр Алтын Орданың 750 жылдығына орай Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдени-ағарту бірлестігі жанынан өткен жылы құрылған болатын.


Мұндағы мақсат театр өнеріне қадам басқысы келетін жас буынға жол ашу, олардың шеберлігін шыңдау еді. Алайда пандемияға байланысты театр жұмысы тоқтап қалды.

«Биыл ақпан айында үш рет кастинг жасап, талапты балаларды іріктедік. Айға жетер-жетпес уақытта осы ертегіні шығардық. Бұл – театрдың ең алғашқы қойылымы», дейді С.Әбуов.

Театрдың ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, осы өнер саласының белді өкілдері қатысып, жас ұжымға сәттілік тіледі.


Ертегінің ойдағыдай сахналануына көркемдік жетекші Әсемгүл Төлепберген де өз үлесін қосты. Қойылым балетмейстері – Қымбат Сариева.

Премьерада Арсен Нұфтығалиев, Меңдәли Меңдәлиев, Наргиз Айшуақова, Гүлназ Хайроллаева, Әлижан Тұрғали, Ақтолқын Сәбитқызы, Сардар Ерен, Эльнара Сейтжан ойнап, өз өнерлерін көрсете білді.