Оралда «Алтын жүрек домбыра» атты күй кеші ұйымдастырылды
ОРАЛ. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Dana.kaz» журналының және Құрманғазы атындағы музыка колледжінің ұйымдастыруымен «Алтын жүрек домбыра» атты күй кеші өткізілді.
Шара мақсаты ел ішінде сирек орындалатын ескі күйлер мен ән-термелерді сахнаға шығару еді. Кешті жүргізген домбырашы Дәулеткерей Құсайыновтың атап өткеніндей, орындаушылардың арасында жасы сексеннен асқан Өтеген Жұмашевтан бастап буыны қатып үлгермеген жастар да бар. Өтеген Жұмашевтан басқа жасы жетпісті еңсерген Ешмат Усалимов, Орал қаласында тұратын белгілі домбырашы әрі осы аспапты жасаушы шебер Едіге Нәбиев, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры Нұржан Сертеков, Тасқала ауданында қазақ халық аспаптар оркестрін құрған Ермак Молдабеков сынды домбырашылар күйлерді өз бабымен орындады. Концерт барысында Фархат Оразов, Тілек Базаров, Жасұлан Жанғазиев, ең жас орындаушы Әділ Ахметов және басқалар ән-термелерді орындап, көпшілік көңілін көтерді.
«Dana.kaz» журналының бас редакторы, белгілі журналист Қазбек Қабжанов концертке қатысқан орындаушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ оларға облыстық мәдениет басқармасы мен «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының атынан алғысхаттар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.