Оралда «Алтыншы бекет» фильмінің премьерасы болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Орал қаласында «Алтыншы бекет» фильмінің премьерасы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда «Алтыншы бекет» фильмінің премьерасы болды

Қазақстандық фильмді облыс орталығында алғашқы болып ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің жауынгерлері, сондай-ақ өңір жұртшылығы тамашалады.

Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған имидждік бағдарламасын орындау аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен қазақстандық «АЮ СИНЕМА» компаниясы «Хабар» телеарнасымен бірлесіп, «Алтыншы бекет» атты толық метражды көркем фильмді өткен жылдың соңында түсірген болатын.

Сюжет желісіне Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың ерлігі негіз болған. Ақтау қаласындағы 6656-әскери бөлімінде қызметін өтеп жүрген 19 жасар жігіт 2010 жылғы 22 маусымда қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде қарауылда тұрған еді. Сол кезде ол колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білді. Түн ішінде өзіне қарсы жүгіріп келе жатқан қарулы топты көрген жауынгер бастапқыда абдырап қалғанымен, тез сауатты әрекет жасады. Оның батыл іс-қимылы арқасында тұтқындар жауынгер күзетіп тұрған алтыншы бекеттен өте алмады.

Осы жанқиярлық ерлігі үшін Е.Отарбаев Елбасының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Кейін Ұлттық ұланның әскери институтын бітірген Ербол қазіргі таңда офицер ретінде қызмет етеді.

Елге танымал актерлер түскен аталмыш фильм лаңкестік пен экстремизмнің алдын алу бағытында, радикалды діни ағымдарды насихаттауға қарсы қолға алынған  жоба еді.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары батырлығы үшін 150-ден астам әскери қызметкер мемлекеттік марапаттарға ие болды. Соның 40-тан астамы ордендермен марапатталды. Ал Ұлттық ұланның әскери қызметкері, полковник Қайрат Үмбетов Халық қаһарманы атанды. 2016 жылы 5 маусым күні лаңкестердің Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімге шабуыл жасағаны белгілі. Міне, сонда өз өмірін қиған Берікжан Қалиев пен Досбол Сапар ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ауыр жараланған Сырым Сүндетов пен Денис Чернышов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді.

Фильм премьерасына  кіші сержант Б.Қалиевтің анасы Гүлжан Еренова мен зайыбы Нұрсұлу Досқалиева, сондай-ақ өрттен адамды құтқарған майор Салауат Қабдықұлов, қарулы қылмыскерлерді ұстаған қатардағы жауынгер Қуаныш Сайлауов, Ауғанстан және басқа сондай қауіпті жерлерде әскери борышын өтегендер, жауынгерлер қатысып, өз әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі, 5517-әскери бөлімі рота командирінің орынбасары Ертуған Әубәкір осындай жарқын үлгілер арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге болатынын жеткізді.