Оралда анасы мен қызы Жайық өзеніне батып кете жаздады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында анасы мен қызы Жайық өзеніне батып кете жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда анасы мен қызы Жайық өзеніне батып кете жаздады

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 11 шілде күні сағат 18.45-те Стелла ауданында болды.

«13 жасар қыз жабдықталмаған жерден терең суға түсіп, батып бара жатқанда, анасы айқайлап жүгірген. Құтқарушылар жетіп үлгерген, қыздың әкесі де суға секірген. Жедел құтқару жасағының күшімен (2 адам, 1 қайық) 43 жастағы әйел мен оның қызы құтқарылды. Олар қалаға Теректі ауданы Қоныссай ауылынан келген болып шықты. Биыл жыл басынан бері облыста 8 адам суға кетсе, соның үшеуі – балалар. Құтқарылған 12 адамның 8-і – жасөспірімдер. БҚО ТЖ департаменті шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін тұрғындар есіне салады», деп хабарлады ведомстводан.

Қазіргі кезде өңірде күн қатты ыстық болып тұр. 11 шілде күні температура тілі 40 градусқа жақындады. Алдағы үш күнде де ыстық қайтпайды. Осыған байланысты облыста төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында ескерту жарияланды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үшінші қабат терезесінен құлап кеткен 5 жасар баланың ауруханаға жатқызылғанын жазған болатынбыз.