Оралда апатты жағдайдағы мектеп орнына жаңа ғимарат бой көтеруде
Шаһардағы 2-жұмысшы ауданында орын тепкен №4 орта мектеп ғимаратының ірге көтергеніне жарты ғасырдай уақыт өткен. Апатты жағдайда болып, жөндеуге келмегендіктен, үш қабатты ғимарат толықтай бұзылып, орнына қазіргі заман талаптарына толық сай келетін төрт қабатты 300 орындық жаңа мектеп бой көтермекші. Оның ішінде сынып бөлмелері, түрлі кабинеттерге қоса асхана, спорт залы, екі топқа арналған шағын орталық және басқа қажетті орындар болмақшы. Жаңа ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 950 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер компания «Альтаир» ЖШС ескі ғимаратты бұзып, іргетасын құю жұмыстарын жүргізуде.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, облыста жеті бірдей мектеп салынатын болса, соның төртеуі облыс орталығында, үшеуі Зеленов, Бөрлі, Қазталов аудандарында іске қосылмақшы. Осының бәріне ел қазынасынан 8 млрд. жуық теңге қаралды.
Орал қаласында соңғы кезде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы жергілікті құрылыс компанияларымен келісе отырып, апатты үйлердің орнына көп қабатты тұрғын үйлер салу қолға алынды. Соның бірі Гагарин көшесі бойында өткен ғасырдың елуінші жылдары пайдалануға берілген апатты жағдайдағы екі қабатты үйдің (12 пәтер) орнына тоғыз қабатты ғимарат (126 пәтер) салынбақшы. Қазіргі таңда тұрғындары көшірілген үй бұзылуда. 2016 жылды қоса есептегенде, шаһарда осындай он үйдің орнына жаңалары бой көтеруде. Бұл құрылыс компаниялары үшін де тиімді. Яғни олар апатты үй тұрғындарына пәтерлерін бергеннен кейін қалғанын тұрғындарға сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстары мемлекет есебінен жүргізіледі. Оралда апатты жағдайдағы 41 үй болса, алдағы үш жыл ішінде солардың бәрі кезең-кезеңмен жаңартылмақ.
Облыс әкімі мердігер компаниялар басшыларына құрылысты сапалы салуды және оған мүмкіндігінше елімізде шығарылатын материалдарды пайдалануды тапсырды.
«Жаңа мектептің салынып жатқанына оқушылар да, ата-аналар да қуанышты. Алдағы оқу жылында сыңғырлаған ғимаратқа кіріп жатсақ, жеткіншек ұрпаққа бұдан артық қандай сый болмақшы. Күні бүгін мектеп шәкірттері №26 орта мектепке сыйысып, екі ауысымда білім алуда. №4 мектепте 287 оқушы, 39 мұғалім бар», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне №4 орта мектеп директоры Мәулен Ділмағамбетов.