Оралда әр төртінші ұрлық ұялы телефонға қатысты болып отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасымен 2016 жылдан бастап қолға алынған «Ұрлыққа тосқауыл» жобасына сәйкес Орал қаласында бірқатар іс-шаралар атқарылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы қала аумағында 5413 ұрлық тіркелді, бұл алдыңғы жылғыдан (4839) 11,9 пайызға көп. Жалпы қылмыстың 60 пайызын осы ұрлық құрайды.
Талдау көрсеткеніндей, қалада жасалған әр төртінші ұрлық ұялы телефондарға қатысты - 1412, бұл 2015 жылғыдан (1399) 0,09 пайызға өскен. Мұның бір ұшы ұялы телефондарды өткізу орындарында сұраныстың болуымен байланысты. Яғни қалада ұсталған телефондарды өткізетін 70 орын болса, соның ішінде сауда үйлерінде 37 сату нүктесі, сондай-ақ 14 жөндеу шеберханасы, базарларда 19 нүкте тағы бар.
Сонымен қатар аккумуляторларды ұрлаудың жиілеуі алаңдатады. Мысалы, 2016 жылы осындай 307 дерек тіркелген, бұл 2015 жылғыдан (78) 3,9 есеге артық. Мұның алдын алудың бір жолы аккумуляторларды, сондай-ақ металдарды қабылдайтын орындардың жұмысын бақылап, бірлесе әрекет ету болып табылады. Күні бүгін Оралда металл қабылдайтын 13, аккумуляторлармен айналысатын 36 пункт жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда осындай орындардың, ломбардтардың, сауда нүктелерінің ұрланған бұйымды қабылдауына жол бермеу мақсатында олардың иелеріне қылмыстық жолмен келген мүлікті иемденгені немесе өткізгені үшін ҚР ҚК 196-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескерту жұмыстары жүргізілуде.