Оралда «Ашық үкімет» жобасын енгізу мәселелері талқыланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО әкімдігінде «Ашық үкімет» жобасын енгізу және мемқызмет сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда «Ашық үкімет» жобасын енгізу мәселелері талқыланды

Өңірге «Ашық үкімет: халықаралық практика және Батыс Қазақстан облысының тәжірибесі» тақырыбында семинар өткізуге келген Назарбаев Университет профессорлары Колин Нокс пен Карл О'Коннор, сондай-ақ ассистент-профессор Салтанат Жәненова облыс әкімі Алтай Көлгіновпен, облыстық басқармалар басшыларымен, азаматтық қоғам өкілдерімен, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдарымен кездесті.

Профессорлардың атап өткеніндей, семинар мақсаты - мемлекеттік қызметшілер мен азаматтық қоғам өкілдерінің «Ашық үкімет» саласындағы әлемдік бағыт-бағдар туралы таным-түсінігін кеңейту, өңірдегі оң тәжірибені талқылау.

«Біз сияқты шетелдік азаматтарға Астанадан өңірлерге шығып, қазақстандықтардың қалай өмір сүріп жатқанын білу өте қызықты. Осындай семинарларды Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында өткізбекшіміз. Сапар барысында «100 нақты қадам» ұлт жоспарының жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанын білгіміз келеді. Біздің профессорлар халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Ашық үкімет» жобасының жүзеге асырылуына талдау жасады. Сондықтан бірқатар зерттеулер нәтижесін ортаға салумен бірге жергілікті жердегі тәжірибені ескере отырып, ой-пікірлерді білу маңызды. Халықаралық тұрғыдан қарағанда, «Ашық үкімет» жоғарыдан төмен қарай емес, керісінше қоғамның әсер-ықпалымен төменнен жоғары қарай құрылуы керек. «Ашық үкімет» жобасы Қазақстанда азаматтардың үкіметке, сонымен қатар үкіметтің тұрғындарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді», деді Карл О'Коннор.

Облыс басшысы Алтай Көлгінов өңірде мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытында мақсатты жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мысалы, бұдан он жыл бұрын тұрғын үй мен балабақша кезегінде біраз мәселе туындап келсе, қазір бәрі ашық түрде шешілген. Әр азамат өзінің үйінде отырып кезектің қалай жылжып жатқанын бақылай алады. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан, 22 мыңдай тұрғын әлі кезекте тұр. Оралда сондай-ақ «Ақылды қала» жобасы да жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Әрине, ашықтық пен жариялылық жағынан әлі де көп нәрсені тындыруға тура келеді. 

Профессорлардың пікірінше, «Ашық үкімет» жобасы мемлекеттік қызметтен бөлек, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік саладағы инновациялар сынды барлық саланы қамтуы тиіс.

Басқосу барысында облыстық басқармалар басшылары өз мекемелерінде «Ашық үкімет» жобасы бойынша не жасалып жатқаны жөнінде әңгімелеп берді. Ең бастысы, мемлекеттік қызмет тұрғындар үшін ашық, қолжетімді және сапалы болуы керек. Мысалы, қазіргі кезде батысқазақстандықтарға халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 332 қызмет түрі көрсетіледі.