Оралда әскерилер 103 жастағы майдангерді Жеңіс күнімен құттықтады
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, майдангер тұратын үйдің алдында 5517-әскери бөлімнің әскери оркестрі соғыс жылғы әуендерді орындады.
«Қаншама жылдар өтсе де, Ұлы Отан соғысындағы сіздердің жеңістеріңіз өшпек емес. Біздің халқымыздың мақтанышы болып қала бермек. Сізге табандылығыңыз бен батырлығыңыз, ішкі әскер саласына сіңірген еңбегіңіз үшін ризашылығымызды білдіре отырып, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз», деді әскери бөлім командирі, подполковник Асылбек Шайқамалов.
«Арада 72 жыл өтсе де, сол ауыр кезең есімізден шыққан емес. Бүгінгі ұрпаққа ашық аспан, бейбіт өмір тілеймін. Соғыс деген зұлматтың аты өшсін. Бүгінгі ерекше құттықтауларың үшін алғысымды айтамын», деді Семен Акимович.
1914 жылы 30 қыркүйекте Курск облысында дүниеге келген Семен Данилин Брянск әскери-саяси училищесінің курсантынан 143-гвардиялық миномет полкі батальоны командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасарлығына дейінгі жолдан өтті. Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жан алып, жан беріскен шайқастарға қатысты.
Соғыстан кейін С.Данилин Алматы, Қарағандыда ішкі әскер полкі командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары ретінде қызмет атқарып, доғарысқа шықты. Қыздарының бірі Татьяна Орал қаласында тұрғаннан кейін зайыбы, марқұм Анна Павловнамен бірге осында көшіп келді.
Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін С.А.Данилин «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.