Оралда атақты палуан Сайлау Мұқашевтің жүлдесі үшін дәстүрлі жарыс мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда кезінде көптеген айтулы додаларда атой салған даңқты палуан, 1973 жылғы КСРО біріншілігінің қола жүлдегері, Махачкалада өткен еркін күрестен әлемнің бес дүркін чемпионы Әли Әлиев атындағы халықаралық жарыстың екі дүркін, сондай-ақ бүкілодақтық жазғы ауыл ойындарының бес мәрте жеңімпазы Сайлау Мұқашевтің жүлдесі үшін дәстүрлі жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда атақты палуан Сайлау Мұқашевтің жүлдесі үшін дәстүрлі жарыс мәреге жетті

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 2007-2008 жылғы туған жасөспірімдер арасында салмақ дәрежелеріне қарай Ернұр Өміртай (20 кг, Жаңаөзен), Нұрдас Нұрболат (23 кг, БҚО, Қазталов ауданы), Нұршат Қоныс (26 кг, Сырым ауданы), Асылхан Байыржан (29 кг, Бөрлі ауданы), Шамиль Бекмұханов (32 кг, Бөрлі) жеңімпаз атанды. 2004-2006 жылғылар арасында Сұлтан Самиғоллин (26 кг, Орал), Жанкелді Өтеулі (29 кг, Жаңаөзен), Омар Әділхан (32 кг, Ақтөбе), Мирас Сайынов (35 кг, Жаңаөзен), Қазбек Бақытов (38 кг, Сырым), Сұлтан Бисенбаев (42 кг, Орал), Жалғас Лұқпанов (+42 кг, Жаңақала) жеңіс тұғырына көтерілді.

Ересектер арасында Мейрамбек Қартбай (57 кг, Ақтөбе), Бек Жақсылық (61 кг, Ақтөбе), Аманжан Бақытжанұлы (74 кг, Ақтөбе), Асланбек Ихсанов (125 кг, Орал) алтыннан алқа тақты.


Айта кетейік, Ақжайық ауданында 1950 жылы дүниеге келген Сайлау Мұқашев Первомай орта мектебінде 9-сыныпта оқып жүргенде Алматы дене шынықтыру институтын бітірген спорт шебері, кейін талай шәкірт тәрбиелеп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған Қамеш Исмағұловтан алғашқы күрес әліппесін үйренеді. Мектеп бітіргеннен кейін Павлодар индустриялық институтына түскен Сайлау енді еркін күрестен сол облыстың аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лұғат Өтешевтің қоластында шыңдалады. 1969 жылы ұстазы екеуі Алматыға ауысып, күрес жолына біржола түседі. Жетпісінші жылдары Қазақстан құрамасын Әбілсейіт Айханов баптаса, Сайлау Мұқашев Аманжол Бұғыбаевтай даңқты палуанмен бірге одақтық жарыстарда атой салады. Алайда КСРО құрамасының бапкерлері бұларды шеттетіп, әлем чемпионаттарына қоспайды. Есесіне одақ атынан дүниежүзілік додаларға қатысып, жүлдегер атанып келгендер Аманжол екеуінен ұтылып жататын. Сайлаудың тек құрама мүшесі ретінде КСРО - Иран, КСРО - АҚШ, КСРО - Үндістан кездесулеріне қатысқаны бар. 1979 жылы Алматы дене шынықтыру институтын бітіріп келгеннен кейін Оралға оралып, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында өзі де көптеген шәкірттер тәрбиеледі.


Соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, ауырып қалған атақты палуан бүгінгі еркін күрес шеберлерінің Қазақстан біріншілігін ұтса болды, жолы ашық екендігін, яғни әлем чемпионаты өз алдына, төрт жылда бір келетін олимпиада ойындарында ел намысын қорғай алатындықтарын жеткізіп, осының бәрі - ұлы мәртебелі тәуелсіздіктің арқасы деп біледі.