Оралда атақты палуан Сайлау Мұқашевтың жүлдесі үшін республикалық жарыс өтуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында бүгін атақты палуан, еркін күрестен КСРО спорт шебері, 1973 жылғы КСРО біріншілігінің қола жүлдегері, бүкілодақтық жазғы ауыл ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы Сайлау Мұқашевтың жүлдесі үшін ересектер, 2004-2006 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еркін күрес додасына Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Батыс Қазақстан аудандарынан барлығы 13 команда құрамында палуандар 14 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде белдесуде.
Жарыстың ашылу салтанатына әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова, еркін күрестен жуырда Будапеште өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов қатысты. Бауыржан Бегайдаров шәкірттері атынан Сайлау Мұқашевтың, сондай-ақ ел мерейін үстем етіп жүрген батысқазақстандық Н.Бекжановтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Дәстүрлі турнир ертең мәреге жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.