Оралда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Бүгін Оралда М.Ықсанов көшесі бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Оған Қаратөбе, Теректі, Бөрлі және Тасқала аудандарынан келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сондай-ақ қала кәсіпкерлері қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар бағасы базардағыдан 10-20 пайызға арзан. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес биыл алғашқы жәрмеңке 3 наурыз күні ұйымдастырылса, бұдан кейін 17 наурыз күні де жалғасады.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың сөзіне қарағанда, өткен жылы облыс орталығында 50-ге жуық жәрмеңке өтіп, бағаны тұрақтандыруға септігін тигізді. Мысалы, күзде басқа аймақтарда картоптың бағасы 150 теңгеге дейін барса, Оралда 100 теңгеден асқан жоқ. Күні бүгін тұрақтандыру қорындағы 1 300 тонна картоптың 300 тоннасы жұмсалды.
null

3 наурыз күні де, бүгін де, әсіресе, етке деген сұраныс мол болды. Жәрмеңкеде сиыр еті 1 300, жылқы еті 1 400 (базарда екеуінің де бағасы 1800 теңге шамасында), жұмыртқа 210 (260), картоп 90 теңгеден сатылды.

Орал қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Махамбет Батырғалиевтің мәлім еткеніндей, басқа өнімдерді айтпағанда, жәрмеңкеге барлығы 34 ірі қара, 14 жылқы еті, 3,5 тонна картоп, 18 мың дана жұмыртқа әкелінді. Өткен сенбідегі жәрмеңкеде де осындай көлемде өнімдер сатылған еді.

Айта кетейік, тауар өткізушілерге сауда орындары тегін берілді.
nullnullnull