Оралда автобусқа қатысты тағы бір жол оқиғасы тіркелді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше түсте «КамАЗ» жүк көлігі «Орбита» дүкені маңындағы аялдамада адамдарды түсіріп жатқан №4 бағытта қатынайтын автобусты артынан келіп, түйген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда автобусқа қатысты тағы бір жол оқиғасы тіркелді

Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, бұл жерде кінәлі - «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі. Дегенмен адамдар аса көп зардап шекпеген. Сондықтан бұл жол-көлік оқиғасы бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, барлығы 7 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың біреуі - бала. Облыстық клиникалық ауруханада қаралғаннан кейін бәрі де амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілген.

Еске сала кетейік, 24 тамыз күні Оралда №7 автобус №5 бағытта жүретін автобустың артынан түйген болатын. Бұдан зардап шеккендердің қатары қазіргі таңда 75-ке жетіп отыр. Күні бүгін қалалық көпбейінді ауруханада біреуі, облыстық клиникалық ауруханада тағы біреуі емделуде, қалғандары үйлеріне шығарылған.