Оралда автобуста қайтыс болған зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда автобуста көз жұмған 80 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда автобуста қайтыс болған зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 6 маусым күні Мәскеу мен Сырым Датұлы көшелерінің қиылысында №46 бағытпен жүретін автобуста 1938 жылғы зейнеткер әйел жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды.

Жүргізушінің сөзіне қарағанда, дене жарақаттарымен, ес-түссіз күйде жатқан әйелді «Черемушки» саяжай қоғамы аялдамасынан отырғызып алған.

Сол күні аталған дерек бойынша Орал қалалық ішкі істер басқармасы ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Сараптама қорытындысын ескере отырып, аталған қылмыстық құқықбұзушылық ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда кісі өліміне соқтырған жол ережесін бұзу) қайта дәрежеленді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын автобуста зейнеткер әйелдің көз жұмғанын жазған болатынбыз.