11:59, 22 Қараша 2018 | GMT +5
Оралда автокөлік аударылып, кішкентай сәби жарақат алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда автокөлік аударылып, кішкентай сәби жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға кеше қаладан шығаберістегі Ысқырық тауда (Свистун гора) Орал-Атырау күре жолы бойында орын алды.
Оқиға орнына жедел жәрдем сағат 17.57-де шақырылып, бригада 18.02-де жеткен.
«Жол апаты салдарынан 2018 жылғы жеті айлық сәби мен 1993 жылғы әйел адам зардап шеккен. Алдын ала мәлімет бойынша жабық бас-ми жарақатын алған олар облыстық ауруханаға жеткізілді», деді А.Сақпосынова.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, кеше кешкісін осы маңда көлік кептелісі орын алды. Бұған алдыңғы күні қар жауып, жердің тайғақ болуы да әсер етті.