Оралда автокөлік өртеніп, күйік шалған ер адам ауруханаға жеткізілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автокөлік өртеніп, күйік шалған ер адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оралда автокөлік өртеніп, күйік шалған ер адам ауруханаға жеткізілді

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 желтоқсан күні таңмен қалаға қарасты Круглоозерный кентінде болды.

Сағат 05.48-де Первомай мен Строитель көшелерінің қиылысында автокөліктің жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.

ВАЗ-21010 автокөлігінің мотор бөлігі мен ішкі панельдері өртенген. Автокөлік иесі, 32 жастағы тұрғын мас күйінде артқы орындықта ұйықтап жатқан. Бетінен, арқасынан, сол аяғы мен білегінен 20 пайыз күйік шалған ер адам ауруханаға жатқызылды.

«Тілсіз жау» №7 өрт сөндіру бөлімінің күшімен (5 адам, 1 техника) сағат 06.00-де оқшауланып, 06.15-те толықтай ауыздықталды.

Облыс бойынша 5 желтоқсанға дейін көлікте 81 өрт тіркелген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол бойында автокөлік жанып кеткенін жазған болатынбыз.